Екібастұзда үш жыл істемей тұрған бассейн шілдеде қолданысқа беріледі
«Қайнар білім беру-демалыс кешені» бассейн ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов нысанның жөндеу жұмыстары барысымен танысты.
Мердігер ұйым – «ПСУ-2» ЖШС. Күрделі жөндеу жұмыстары 17 сәуірде басталған. Кесте бойынша тамызға дейін жұмыстарды аяқтау керек. Бірақ мердігер ұйым 15 шілдеге дейін бассейнді толықтай тапсыруға уәде беруде. Бүгінгі таңда бөлшектеу жұмыстары 100 пайыз атқарылса, жалпы алғанда жұмыстардың 60 пайызы орындалған.
– Бассейн 2021 жылдан бастап жұмыс істемей, тоқтап тұрды. Енді міне, жөндеу барысында жылу, электр жүйелері, кәріз 100 пайыз ауыстырылады. Бассейн іші көк түсті заманауи поливинилхлоридпен жабдықталады. Сондай-ақ, ылғалды ғимаратқа арналған тартылмалы төбе жасалып, сорғыш желдеткіш орнатылады. Оған қоса, жанындағы монша да қалыпқа келтіріледі, – деді «ПСУ-2» ЖШС өкілі Азамат Аронов.
Бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені сегіз метрлік бассейнде күніне 30 бала қабылдауға болады.
Айта кетерлігі, бассейнде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы түсіретін мобильді көтергіш орнатылмақ.
Аймақ басшысы жөндеу немесе салынып жатқан әрбір бассейнде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіш орнатуды тапсырғанын атап өтті.
– Әсіресе балаларға арналған арнайы көтергіш міндетті түрде болуы керек. Мұның бәрін механикаландырған жөн. Успен, Ертіс аудандарында да келесі жылы осындай бассейн кешендерін салайын деп жатырмыз. Сол бассейндерге де осындай шарт қойдым, – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, балалар шығармашылығы орталығы жаздың соңына дейін тапсырылады.