Павлодарда отбасылық құндылықтарды насихаттайтын фестиваль өтті
Оқушылар қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» өткен дәстүрлі «Отбасы – тәрбие іргетасы» фестивалі жастардың бойындағы адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған болатын.
Павлодар облысы ҚХА Аналар кеңесі мен жалпы орта білім беру мектептері арасындағы екіжақты бекітілген меморандум аясында өткізілетін бұл маңызды шараға Мәшһүр Жүсіп атындағы, Мұзафар Әлімбаев атындағы, сондай-ақ , №30, №46 ЖОББМ мен Қанат Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары қатысты.
Қатысушылар мен көрермендерге «Қыздарға шолпы тағу дәстүрі», «Қыз ұзату», «Құлақ тесу», «Келін түсіру» дәстүрлерін көрсетті. Ал Қанат Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары жастарды өнерге баулитын «Асау көк» ойынымен фестивалді жалғастырды.
Фестиваль қортындысы бойынша облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Бақтыжамал Максилова, орынбасары Ольга Николашина, төраға кеңесшісі Светлана Шин марапаттау рәсімін жүргізді. Қатысушылар мен ұстаздарға дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.
Фото: «Достық үйі» ұсынды