Павлодарлық кәсіпкерлерге алматылық бизнес-кеңесшілер шеберлік сағатын өткізді

Павлодарлық кәсіпкерлерге алматылық бизнес-кеңесшілер шеберлік сағатын өткізді
Фото: Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы

Олар болашақ миллионерлерге нарықта өсу жолдарын айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, облыс орталығында «Сатуды арттырудың тиімді құралдары» тақырыбында кәсіпкерлерге кеңес беру күні өтті. Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) ұйымдастырған шараға шағын және орта бизнестің 140 өкілі жиналды.

Кәсіпкерлерге шеберлік сабақтарын Алматы мен Қарағандыдан шақырылған бизнес-кеңесшілер жүргізді. Осылайша, сарапшылар B2B және B2C нарықтарында тауарлар мен қызметтерді ілгерілету жолдарын, бейілділік бағдарламаларын қалай іске асыру және басқару, тиімді таратуды құру жолдарын айтып берді. Сондай-ақ сауда қызметкерлерін тарту мен басқаруға ерекше көңіл бөлінді, – дейді баспасөз орталығында.

Бұл ретте кәсіпкерлер ЕҚДБ жүзеге асыратын және ҚР Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп қаржыландыратын «Бизнес-кеңес беру қызметтері» бағдарламасы арқылы кәсіби кеңесшілердің көмегімен өз бизнесіне нақты құралдарды енгізе алады. Бағдарлама жергілікті және халықаралық сарапшылармен консалтингтік жобаларды жүзеге асыру үшін гранттар беру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетеді. 2013 жылдан бері Қазақстан бойынша 2000-ға жуық кәсіпорын консалтингтік жобалар түрінде жеке қолдау алды. Өңірде 45 кәсіпорын бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланып үлгерді.

Бағдарлама аясында қазақстандық кәсіпорындар маркетинг және өткізу саласында ең көп жобаларды жүзеге асыруда: жыл сайын 250-ге жуық жобаның 30%-дан астамы маркетингтік стратегияны құру, жылжыту үшін веб-сайттарды әзірлеу, сату бөлімінің жұмысын ұйымдастыру және басқа да осыған ұқсас салаларда. Сондықтан Кеңес беру күнінде біз жергілікті бизнес үшін ең өзекті тақырыптармен жұмыс істейміз, – дейді ЕҚДБ шағын орта бизнесті дамыту және қаржыландыру тобының жоба маманы Елена Абенова.

Кешенді қолдау шаралары өңірдегі кәсіпкерліктің даму динамикасына оң әсерін тигізуде. Ағымдағы жылдың басынан бері жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің санының өсуі байқалады. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша субъектілер саны 55,2 мың бірлікті құрады. Мәселен, бір жыл ішінде облыста 2 мыңға жуық жаңа шағын және орта кәсіпкерлік нысандары пайда болды.