Екібастұздық оқушылар полицейлердің мұражайына барды
Мұндай экскурсияларға оқушылар жиі қатысып тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұз қаласының полиция басқармасында «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы аясында мұражайға «Балаларды қолдау орталығының» балалары келді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бибігүл Исаева балаларға басқарма тарихы, қызметінде ерекшеленген ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмірі туралы айтып берді. Жас қонақтардың назарына экспонаттар, мұрағаттық тарихи құжаттар, фотосуреттер, қылмысқа байланысты тұрмыстық заттар, әскери құрал-жабдықтар ұсынылды.
Криминалистика бөлімінің қызметкерлері заттарды тексеру және жүргізілген сараптамаларда қолданылатын жабдықтарды көрсете отырып, өз жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары балалардың назарын отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар арасындағы буллингке аударды.
Оқушылар мен "Балаларды қолдау орталығы" КММ қамқоршылық кеңесінің мүшесі Гүлнар Ахмолдинаның айтуынша, экскурсия мазмұнды және қызықты болды.
- Мүмкін, жігіттердің бірі бүгін өз өмірін полиция қызметімен байланыстыруды ойластырған шығар, - деді ол.
Өскелең ұрпақ арасында патриоттық тәрбие беру және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасатын болады.
Полицейлер балаларға зорлық-зомбылықтың куәгері болса немесе ол туралы білсе полицияның 102 кезекші бөліміне қоңырау шала алатынын жіне тұрғылықты жері бойынша учаскелік инспекторға хабарлай алатынын ескертті.