Ақтоғайда атақты механизаторлар әулетінен он адам дауыс берді
Қожамжар ауылындағы №148 референдум учаскесіне Шайлденовтер отбасы келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отбасынан он адам дауыс берген.
Бұл – Қожамжар ауылдық округіндегі атақты механизаторлар әулеті. Ұлы Отан соғысының ардагері Әукен Шайлденов пен еңбек ардагері Кеңес Шайлденовтің ұрпақтары әкелері мен аталарының ісін жалғастыруда. Олар референдумға келу арқылы барша ауыл тұрғындарына үлгі болды.
Ал Жаңабет ауылындағы №155 учаскеде 90 жастағы еңбек ардагері, белгілі жерлесіміз, ақын, жазушы Қимадиден Нығмановтың жары Дәкен апа өз таңдауын жасады. Ол балалары мен немерелерімен бірге барлық саяси шараға белсене қатысады.
Ақтоғайлық еңбек ардагерлері Валентин Зуев мен Сейітахмет Әлібеков те өз таңдауларын жасап, шағын сыйлықтарға ие болды.
Ақтоғай ауданында барлығы 28 референдум өткізу орнында 8192 дауыс беруші болса, оның 72-сі - мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Ал 93 тұрғыны мұндай шараға алғаш рет қатысып отыр.
Бірінші рет дауыс беретіндерге және жасы үлкен тұрғындарға вазалар, кеселер мен шәйнектер сыйға тартылды. Референдум күні Ақтоғай ауылында автобустар тегін жүреді.
Фото: Ақтоғай ауданындағы ішкі саясат бөлімі