«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» жастарды жұмысқа шақырады

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға қаланың 38 компаниясының өкілдері қатысып, жұмыс іздеушілерге 270-тен астам бос жұмыс орнын ұсынды. Шараға «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның қызметкерлермен жұмыс жөніндегі мамандары да қатысып, жастарды компанияға жұмысқа шақырды.
Жастарға қызмет көрсету орталығының басшысы Жандарбек Қабдраштың айтуынша, жәрмеңке есіктері барлығына ашық болды.
– Жастар бастамаларын дамыту орталығы жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде осындай жәрмеңке ұйымдастырды. Өнеркәсіптік аймақ болғандықтан, инженерлік кадрларға деген сұраныс әрқашан жоғары. Әр жұмыс іздеуші жұмыс берушімен жеке сөйлесіп, сұрақтар қойып, түйіндемені бірден қалдыра алды, – деді ол.
Жәрмеңке күні 47 адам жұмыс тапты. Жастар тұрақты жұмысқа орналасумен қатар, жазғы демалыс кезіндегі еңбек жасақтарына және тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қызметкерлермен жұмыс басқармасының бастығы Людмила Смирнова компанияда PROFENERGY бағдарламасы жұмыс істейтінін айтты.
– Біз бейіндік мамандықтар бойынша түлектерді қуана қабылдаймыз. Түлектер тәжірибеден өту үшін «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобының кәсіпорындарына келіп, дағдыларын шыңдап, бұдан әрі осында жұмыс істей алады. Көптеген үшінші курс студенттері осы жолдан өтіп, тәжірибеден кейін штатта қалып, дуальді жүйе бойынша оқуын жалғастырады, – деді ол.
Жұмыс орындары жәрмеңкесі жастарға өз мамандықтары бойынша жұмыс табуға және болашақ мансаптарын жоспарлауға мүмкіндік берді.