Екібастұздың екі оқушысы ҚР бас математикалық турнирінде жеңіске жетті
Ертіс-Баян өңірінің құрама командасы турнирде 100 пайыз нәтиже көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің мәліметінше, У.Жолдасбеков атындағы математика мен механикадан дәстүрлі XIII халықаралық конкурсы Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механикалық-математикалық факультеті базасында өткізілді. Аталмыш білім додасына Қазақстанның түпкір-түпкірінен 11-сынып оқитын 150 оқушы және көршілес Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінен оқушылар қатысқан. Математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер секциялары бойынша жалпы 112 жоба түскен.
Облыстық құраманың ішінде Екібастұз қаласынан екі оқушы қатысты. Олар: №35 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Георгий Клименко және №1 мамандандырылған мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Карина Крайнова.
– Герогий Клименко «Салмақтың электрмагниттік үдеткіші және оны техникада қолдану» тақырыбындағы жобасымен екінші деңгейдегі дипломға қол жеткізді. Күрделілігі жоғарғы деңгейге жататын бұл жұмысты орындауға бір жылдай уақыт кеткті. Бұл жұмыс өте маңызды әрі келешегі зор, – дейді ғылыми жетекшісі – Екібастұз қаласы №35 мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Болат Култуманов.
Конкурс қорытындылары бойынша №1 мектеп-лицейінің оқушысы Карина Крайнова болса, турнирдің қола жүлдегері атанды.
Айта кетерлігі, ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде жүлделі орындарға қол жеткізген 7 оқушыдан құралған Ертіс-Баян өңірінің құрама командасы аталған турнирде 100 пайыз нәтиже көрсетті.