Павлодарлық бүлдіршіндер экоматериалдардан гүл шоқтарын әзірледі
Балақайлар арасындағы жарыс ойын форматында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалада бес жастағы балалар арасында BabySkills Pavlodar-2026 өңірлік чемпионаты өтті. Бұл шараның мақсаты – балалардың ерте жастан кәсіби дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін ашу және түрлі мамандықтарға қызығушылығын арттыру.

Чемпионат №44 сәбилер бақшасының базасында өтті. Іс-шараны Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж ұйымдастырды. Балалар «Мектепке дейінгі тәрбие» құзыреттілігі бойынша бірнеше тапсырманы орындап, өз білімдері мен икемдерін көрсетті.
Жарыс №126 балалар бақшасында «Флористика» құзыреттілігі бойынша жалғасты. Бүлдіршіндер «Анама арналған көктемгі гүл шоғы» тақырыбында шығармашылық жұмыс жасап, қағаз бен табиғи материалдардан гүл композициясын құрастырды. Жұмыстардың ұқыптылығы, әсемдігі және шығармашылық шешімі бағаланды.

Барлық қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар балалардың шығармашылық және практикалық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың болашақ мамандыққа деген қызығушылығын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді.