Ертіс ауданында оқушылар трактор жүргізді
Ертіс аграрлық-техникалық колледжінің мамандары 9-сынып бітірген оқушыларды мамандық бойынша дұрыс таңдау жасауға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқу ордасының қызметкерлері колледждегі әр сала бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп, балаларды ауыл шаруашылығы техникаларымен де таныстырды.
Екі аптаға созылған шара аясында «Аспаз» мамандығы бойынша сабақ беретін ұстаздар кондитерлік өнімдерді дайындады. Ұннан дайындалатын нан-тоқаш өнімдерін әзірлеп, келушілерге ұсынды. Сонымен қатар, колледж қызметкерлері ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуден өткізудің қыр-сырын көрсетті. Жеңіл автокөліктің құрал-саймандарынан айырмашылығын ажыратты. Мамандар 9-сынып оқушыларына МТЗ-80 таркторында жүру ережесін үйретті. Балалар арасында мамандық таңдау бойынша сауалнама да жүргізілді.
Шара соңында оқушылар өз ойларымен бөлісіп, мамандарға сұрақтарын қойды.