Павлодарлық студенттер Сібе көлдері аумағында зерттеу жүргізді
Практиканың алғашқы аптасында жұмыс жоспарларымен және қауіпсіздік ережелерімен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаратылыстану жоғары мектебіне қарасты «География-тарих» білім беру бағдарламасының ГТ-31, 32 тобы студенттері оқу тәжірибесінен өтті. «Павлодар алюминий зауыты», «Павлодар электролиз зауыты», «Қазгидромет метеорологиялық орталығы» (Павлодар филиалы) жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасты.
Оқу тәжірибесінің екінші жарытысы С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің Сібе көлдері аумағында орналасқан оқу практика базасында жүргізілді.
– Өскемен қаласының орталық саябағында орналасқан «Этно ауыл», әскери техникалар, ботаникалық саябақ, зоосаябақ, көрмелерін тамашалыдық. Шырайлы шығыс жерінде өткен оқу тәжірибе кезеңі өте қызықты әрі пайдалы өтті, – деді «География-тарих» ББ оқытушысы Әлібек Елемесов.
Практика барысында Сібе көлдері аумағында топырақ қимасын түсіру, топографиялық түсірілімдер жасау, жергілікті жердің метеорологиялық бақылаулар, көл және бұлақ суларына гидрологиялық бақылаулар жүргізілді.