«Бізде маникюр»: Асайын Байханов ауылда шайды қалай ішетінін айтты
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай ауданының тұрғындарымен кездесуде ауылдықтардың қазіргі тұрмысы туралы ой қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысының Ақтоғай ауданының халқымен кездесуінде Мүткенов ауылының тұрғыны Мейрам Имашев ауылда қой қырқу, жүн тоқу, киіз басу дәстүрінің ұмытылып бара жатқанын айтып, осы мәселеге әкімнің қолдауын сұрады.
- Киіз басып, жүн тоқумен айналысатын кәсіпкерлер, құдайға шүкір, жеткілікті, - дейді Асайын Байханов. – Қарап отырсақ, қазір ауылда тай үйрететін бала жоқ. Ол – ол ма: ауылға барсаң, жеңгелерің шайға «Шадринское» сүтін құйып береді. Сиыр саумаймыз дейді. Неге десем, «бізде маникюр» деп жауап береді. Заман өзгерді, талап өзгерді. Оны жаман деп тұрғанымыз жоқ, бұл ешқандайда сын сөз емес.
Мүткенов ауылы тұрғынының сөзін құптаған өңір басшысы дегенмен балаларға қой қырқыңдар, сақманға барыңдар деген бұйрық бере алмайтынын айтты – бәрі елде тұрып жатқан белсенділердің қолында.
Айта кетейік, бүгін Ақтоғайда облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі өтті. Ауылдықтар инфрақұрылым, ауызсу, жер тапшылығы және басқа да өзекті сауалдарын өңір басшысына тікелей қоюға мүмкіндік алды.
Фото: ашық дереккөздерден