Павлодар облысында мыңнан астам студенттің құқығы қорғалды

Павлодар облысында мыңнан астам студенттің құқығы қорғалды
Фото: pexels.com

Прокуратура өңірлік колледждерде тексеріс жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық прокуратура 44 колледждегі ішкі тәртіп ережелерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігіне талдаған. Нәтижесінде 1266 білім алушының құқығы шектелгені анықталды. 

– Мысалы, Ақсу қара металлургия колледжіндегі ереженің 1.9 тармағында оқушылар тарапынан құқыққа қайшы әрекеттері үшін айыппұл түрінде тәртіптік жаза қарастырылған. Алайда, ӘҚБтК804-бабына сәйкес білім беру ұйымында айыппұл салу құқығы жоқ, – деді Павлодар облысының прокуратурасының баспасөз қызметінде. 

Яғни, колледждердің  өзіндік ішкі тәртіп ережелерінде егер де оқушы тарапынан құқыққа қайшы әрекеттер жасалса, белгілі бір тармақ бойынша әкімшілік айыппұл салынады деп жазылған.  Ал, айыппұл салу құқығы тек уәкілетті органдарда бар. Прокурорлық тексеріс барысында осындай бұзушылықтар тағы үш колледжде тіркелді. Атап айтқанда, Жоғары Инновациялық көпсалалы,  Павлодар гуманитарлық-педагогикалық, Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат колледждерінде. 

 – Заң бұзушылықтарды жою мақсатында облыстың білім басқармасына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, оны қарау қорытындысы бойынша заңнамаға қайшы келетін талаптар қағидалардан алынып тасталды.   Нәтижесінде 1 266 адамның (оның ішінде 466 кәмелетке толмағандардың) құқықтары қалпына келтірілді, ал төрт колледж басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, облыстық прокуратура балалар лагерьлерінде өрескел бұзушылықтарды анықтаған. Он бір лагерьде санитарлық нормалар және өрт қауіпсіздігі бойынша ережелер бұзылған. Жеке лагерьлерде алкогольдік ішімдіктердің бөтелкелері табылды.