Көк Ту көкке көтерілді: Павлодарда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті

Көк Ту көкке көтерілді: Павлодарда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті
фото: Есенжол Исабек

Алаңда жүздеген тұрғын мерекелік рәсімге жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімі өтті. Дәстүрлі шараға мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, студенттер, жастар және қала тұрғындары қатысты.

Ресми іс-шара барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери құрамалар сап түзеп, ел байрағына тағзым етті. Салтанатты рәсім кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалды.

Облыстық ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің басшысы Айгүл Алинаның айтуынша, бұл мерекеге орай жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шаралардың бірі.

Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі – жай ғана салтанатты жиын емес, ел тағдырына ортақ жауапкершілігіміздің нышаны. Осындай сәттерде Қазақстанға деген мақтаныш сезімі, оның өткені мен тарихына құрмет, әрі келешегіне деген сенім ерекше айқындалады. Ел байрағы бізді ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, бірлік, отансүйгіштік және Отанға адалдық секілді қасиеттердің қуатын еске салады. Бұл сезімдер қазақстандықтардың жүрегінде әрдайым сақталып, мемлекетіміздің әрі қарай дамуына берік тірек болсын, – деді ол.

Айгүл Алинаның сөзінше, мерекелік іс-шаралар мұнымен аяқталмайды. Аймақ көлемінде ұлттық рәміздер мерекесіне орай 300-ден астам іс-шара өткізілуде. Олардың басым бөлігі жастардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Мектеп оқушылары мен студенттер өз үйлерінің балкондарына Мемлекеттік ту іліп, әнұран орындау секілді патриоттық акцияларға атсалысып жатыр.

Шараға қатысқан қоғам белсендісі, Торайғыров университетінің баспасөз хатшысы Бәкіжан Кәкімнің айтуынша, мұндай бастамалардың жастар тәрбиесіндегі маңызын ерекше тоқталды.

Мұндай шаралар жас буынның рухын көтеріп, ынтымағын арттырады. Бүгін алаңға жоғары оқу орындарының студенттері, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері мен жас сарбаздар жиналды. Әртүрлі өңірден келген жастар Павлодардың көрікті жерлерін көріп, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуда. Бұл тек ұлттық рәміздерді ұлықтайтын күн ғана емес, бізді біріктіретін, ортақ мақсатқа жұмылдыратын және рухымызды оятатын маңызды жоба, – деді қоғам белсендісі.

Ал Торайғыров университетінің 2-курс студенті Бексұлтан Ердәулет үшін Мемлекеттік тудың көк аспанда желбіреуі ерекше әсер қалдырған.

Туды көк аспанға көтеру – әр қазақ үшін ерекше сезім. Бүгін Мемлекеттік рәміздер күні болғандықтан, рәміздердің әр мемлекет үшін маңызы зор екенін тағы бір мәрте сезіндік. Олар – тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің және елдігіміздің белгісі, – деді студент.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық шаралар облыстың барлық қала және аудандарында жалғасады. Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын 4 маусымда атап өтіледі.