Павлодар облысында учаскелік полиция инспекторы жоғалған малды иесіне қайтарды

Павлодар облысында учаскелік полиция инспекторы жоғалған малды иесіне қайтарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ауыл тұрғыны 100-ден астам қойын өзі бір күн бойы іздеп таба алмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Сосновка ауылының тұрғыны Шарбақты ауданының учаскелік полиция инспекторы Игорь Солдатенкоға жоғалған малын жедел іздеп табуға көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Жергілікті жайылымнан 117 бас қой із-түзсіз жоғалып кеткен. Мал иесі бір тәулік бойы қойларды өз күшімен іздегенімен, нәтиже шықпаған. Уақыт жоғалтып жатқанын түсінген ер адам таңертең ерте полицияға хабарласқан. Хабарды алған полиция майоры Игорь Солдатенко дереу іздеуге кіріскен.

Отардың жүруі мүмкін бағыттарын бағалаған учаскелік инспектор іздеу жұмыстарын ұйымдастырып, сол күні кешке барлық жоғалған малды шалғай жайылымдардың бірінен тапты. Қойлардың барлығы аман-есен заңды иесіне қайтарылды.

Ауыл тұрғыны полиция қызметкеріне кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін жеке алғысын білдірді.

– Учаскелік инспекторымызға жеделдігі мен мінсіз қызметі үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Қоңырау шалғаннан кейін ол бірден іске кірісіп, кешке қарай барлық малым үйге оралды. Көмегі мен өз қызметіне деген адалдығы үшін рақмет, – деді ауыл тұрғыны.

Тәртіп сақшылары мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласу қажеттігін еске салады. Уақытылы хабар беру қылмыстың ізін суытпай ашуға немесе жоғалған малды тез арада табуға мүмкіндік береді.