Павлодарда тоғыз қабатты тұрғын үйдің балконынан өрт шықты

15 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 тамыз күні сағат 20:39-да Н.Назарбаев даңғылы, 89 мекенжайындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер бесінші және алтыншы қабаттағы балкондарда тұтанған өртті сөндіруге шұғыл кірісті. Құтқарушылар келгенге дейін 15 адам, оның ішінде 5 бала өздігінен эвакуацияланған.
Өрт сөндірушілердің жедел және кәсіби әрекеттерінің арқасында жалын пәтерлердің ішіне таралмай, дер кезінде тоқтатылды. Өрт 8 шаршы метр аумақта болып, сағат 21:07-де толықтай сөндірілді.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.