Павлодарлық маман: Вейп сатып, бес жылға сотталуға болады
Мұндай жаза бір рет ұсталып, қайта сатқандарға қолданылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қамбар Қамдуллин мәлім етті.
– Мемлекет басшысының қолдауымен жаңа заң енгізілгені белгілі. Бұл заңда электроды темекілерді және оның сұйықтықтарын, хош иістендіргіш вейптерді сатуға және жарнамалауға болмайтыны туралы шешім қабылданған. Аталған заттарды сату немесе тарату анықталатын болса, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе дәл сонша сағат түзету жұмыстарға тарту қарастырылған, – дейді Қамбар Қамдуллин.
Спикердің мәліметінше, Қазақстан аумағына қазіргі уақытта тыйым салынған өнімді тасымалдауға немесе өндіруге әрекеттенген азаматтарға неғұрлым қатаң жаза қарастырылған: 2000 АЕК-ке дейін айыппұлмен қоса мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қолданылмақ. Егер жоғарыда аталғандардың барлығы топпен немесе бірнеше рет жасалса, онда мүлкі тәркіленіп, құқық бұзушы бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, аталмыш заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 19 маусымда қол қойып, заң 20 маусымда күшіне енді. Бүгінгі таңда облыста рейд жұмыстары жүргізілуде.