Кереуетке байлап қойған: Екібастұз полициясы оқиғаға қатысты түсінік берді
Әлеуметтік желідегі Batyr Jamal парақшасында 32 жастағы әйел адам басынан өткерген оқиға туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтуынша, көңіл көтеретін орындардың бірінде белгісіз ер адам танысу үшін жақындаған. Қарсылыққа қарамастан, қасына барып отырған. Сыртқа шығып, таксиге отыратын кезде «Сені тауып алып, өлтіремін» деген. Қатты қорқып қалған әйел адам полиция шақырған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінің бірі «Ол саған зорлық көрсеткен жоқ қой, сен массың» деген.
– Тірек пунктіне келгенде адвокатым келгенге дейін түтікшеге үрлемейтінімді айттым. Алайда төрт ер адам күшпен ағаш кереуетке байлап қойды. Достарым келгенге дейін сол жерде ұстамақ болды. Мен қорған іздеп келгенде байлап тастады, – деп жазған хаттың авторы.
Екібастұз қаласының полиция басқармасында аталған жағдайға қатысты түсінік берген.
– Полицияға ойын-сауық орындарының бірінің күзетшісі дәмханада өзін агрессивті ұстап, ақшасын төлемеген және мекемеден кетуден бас тартқан екі қыздың мінез-құлқы туралы хабарлады. Қыздардың бірі Екібастұз қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына – медициналық айықтырғышқа жеткізілді, – дейді басқармада.
Медициналық қорытындыға сәйкес қала тұрғыны орташа дәрежеде мас болған. Оның агрессивті мінез-құлқына байланысты дәрігер арнайы мәжбүрлі кушеткаға орналастыру туралы шешім қабылдаған. Екіншісі дамханадан өзі кетіп қалған.
Қала тұрғыны тірек пунктіне және басқа полиция ғимараттарына жеткізілмеген, қызметкерлер тарапынан оған қандай да бір құқыққа қайшы әрекеттер қолданылмаған. Барлық әрекет бейнежетонға түсірілген.