Павлодар облысында «Жер-2025» оқу-жаттығуларының облыстық штабы құрылды

Ол облыстық ТЖД базасында орналастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында жойқын жер сілкіністерінің салдарын жоюға арналған күштер мен құралдар топтамасының дайындық деңгейі бағалануда.
– Күштер мен құралдар тобының ықтимал жойқын жер сілкіністерінің салдарын жоюға дайындығын бағалау мақсатында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның жоспардан тыс отырысы өткізілді. Еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлеріндегі жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына түзету мен нақтылау жүргізілді, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін темір жол көлігімен күштер мен құралдар топтамасын, инженерлік техниканы тиеу және жөнелту бойынша практикалық іс-қимылдар пысықталды.
Зардап шеккен халықты қабылдау пункттері ашылды, бұл төтенше жағдайлардың салдарын жоюға дайындықтың маңызды элементі болып табылады.
Ведомствоның баспасөз қызметі атап өткендей, оқу-жаттығудың негізгі мақсаты азаматтық қорғау жүйесін нығайту мен табиғи және техногендік сипаттағы ықтимал қатерлерге ден қою кезінде оның тиімділігін арттыру, әртүрлі құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдерін пысықтау, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін жойқын жер сілкінісі жағдайындағы іс-қимылдарға дайындау болып табылады.