Павлодар облысында үш қалада үш мыңға жуық отбасы баспаналы болды
Аудандарда жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу бағдарламасының нәтижесінде 281 пәтер сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов облыста тұрғын үй құрылысы соңғы жылдары өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып дамуда екенін атап өтті. 2024 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 566,3 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгізілді.
– Өңірде тұрғын үй кешендерінің құрылысы белсенді түрде жалғасты. Атап айтқанда, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қаласында 506,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сәйкесінше, 2833 отбасы өз тұрғын үйлерінің иегерлері атанды. Сондай-ақ, Павлодар облысының аудандарында жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу бағдарламасының нәтижесінде 281 пәтер сатып алынып, көптеген отбасылар пәтер кілттерін алды, – деді Серік Батырғожинов.
Осылайша, тұрғын үй саясаты қоғам өмірінің барлық аспектілеріне әсер ететін мемлекеттік стратегияның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Облыс әкімінің орынбасраы өңіріміз бен Қазақстан үшін де тұрғын үй саясатын одан әрі жетілдіру, оны халықтың қазіргі заманғы сын-тегеуріндері мен сұраныстарына бейімдеу басым міндет болып қала беретінін атап өтті.