Кітап құмар Павлодар: өңір тұрғындары ел бойынша ең көп оқитындар қатарында
Бұл топты өңіріміз Түркістан және Жамбыл облыстарымен бөлісіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ел кітапханаларына келушілер саны рекордтық 57 миллионға жетсе, Павлодар облысы оқырман белсенділігі жағынан республикада үздік үштіктің төрінен табылды. Бүгінде республикада жалпы қоры 72,5 миллионнан астам сақтау бірлігі бар 3 887 қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Жыл ішінде оқырмандарға әртүрлі тақырыптағы 88 миллионнан астам материал берілді.
– 2024 жылмен салыстырғанда тұрақты пайдаланушылар саны 4,1 пайызға артып, 5 539 969 адамға жетті. Оқырмандар Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстарында көп тіркелген, – делінген хабарламада.
Министрлікте атап өткендей, кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы келушілер санының көптігінен айқын байқалады. Кітапханалық қызметке жүгіну көрсеткіші рекордтық деңгейге жетіп, жалпы саны 57 миллион рет келу көрсеткіші тіркелді. Сонымен қатар мерзімді басылымдарға деген сұраныс жоғары. Бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына газеттер мен журналдар бойынша бір миллионнан астам сұраныс түскен.
Кітапханаларға ең көп келушілер – жастар. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада оқырмандардың басым бөлігін 17–25 жас аралығындағы жастар, одан кейін 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайды. Сұранысқа ие әдебиеттердің қатарында көркем шығармалар, тарих пен этнографияға арналған басылымдар, ғылыми-көпшілік, психологиялық және медициналық кітаптар, сондай-ақ жаңа технологиялар туралы еңбектер бар.
Кітапханалар оқырмандармен жұмыс жүргізумен қатар, мәдени өмірдің маңызды орталығы ретінде де маңызды рөл атқарады. Бір жыл ішінде кітапханаларда 258 мыңнан астам мәдени-ағартушылық іс-шара өтті. Сонымен қатар инфрақұрылым мен цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде.
– Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында электронды ресурстар қолжетімді болуы үшін интерфейс жаңартылды. Ұлттық академиялық кітапхана «Air Astana» әуе компаниясымен бірлесіп «Әуе қанатында» жобасын жүзеге асырды. Ал Шығыс Қазақстан облысында кітапханашылардың жұмысын оңтайландыру мақсатында «DosAI» нейроассистенті алғаш рет іске қосылды, – деді мамандар.
Бұдан бөлек, Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасында оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыруға және цифрлық байланысты күшейтуге бағытталған «AI Zhan» ассистенті енгізілді. Кітапханалар желісін дамыту басқа өңірлерде де жалғасын тапты. Қызылорда облысында «Руханият» орталығы пайдалануға берілсе, Батыс Қазақстан облысында 25 ауылдық кітапхананы жаңғыртуға арналған пилоттық жоба жүзеге асты. Бұл бастамалардың барлығы кітапхананы оқырманға жақындатып, заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналдыруды мақсат етеді.