Павлодарда отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттаған шара ұйымдастырылды

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір орталығында «Ата-баба мұрасы» жобасы аясында «SARYARQA» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және «Жасыл Ел» қоғамдық қорының қолдауымен «Отбасылық калейдоскоп: тарихыңды біл» атты отбасылық викторина өтті. Шараның мақсаты отбасылық құндылықтарды нығайту, ата-баба тарихына құрметті арттыру және ұлттық дәстүрлерді жастар мен аға буын арасында насихаттау болды.
– Викторинаға 15 отбасы (30 қатысушы) қатысты. Қатысушылар өздерінің білімін, тапқырлығын және отбасылық бірлігін көрсетті. Бірінші айналымда «Сіз бір-біріңізді қаншалықты жақсы білесіз?» деген бөлім қатысушыларға жақындарын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Екінші кезең – «Мектептік реванш» – мектептегі білімді еске түсіріп, топтық жұмысты көрсетті. Үшінші кезеңде – «Кадр арқылы фильмді тап» – қатысушылар назарлылық пен кино жайлы білімдерін сынады. Әр кезең шынайы эмоцияларға, күлкі мен жарқын сәттерге толы болды, – деді жастар бастамаларын дамыту орталығының баспасөз қызметі.
Викторина қорытындысы бойынша үш жеңімпаз жұп анықталды. Бірінші орынды Мағжан Шәріпайев мен Еркежан Ержанова иеленді. Екінші орынды – Ниязбек пен Зарина Қарағожиновтар, үшінші орынды –Дәулет Маратұлы пен Фарангиз Туракулова бөлісті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, құттықтауларды «SARYARQA» қоғамдық бірлестігінің өкілі Сұңғат Сарсембаев табыстады. Ол мұндай бастамалардың мәдени сабақтастықты қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Викторина тек зияткерлік ойын ғана емес, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын, жылы қарым-қатынас пен естеліктерге толы орта болды. Қатысушылар мұндай кездесулердің жақындарды жақындастыратынын, ұмыт қалған дәстүрлерді қайта жаңғыртып, отбасылық естеліктерге жан бітіретінін айтты.
Шара соңында барлық қатысушыларға белсенділігі үшін сертификаттар табысталып, естелікке ортақ суретке түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылы әрі сенімді ортада өткен кездесу отбасылық құндылықтар, тамыр мен ата-баба тарихы – мықты және жасампаз қоғамның негізі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.