Май ауданының балабақшасында балаларға ұлттық құндылықтарды үйретуде
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әділетті қоғам құра алатын білімді, адал, асыл ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ақбота» сәбилер бақшасында облыстық білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Рамазанова мен балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакенова болып, балабақшада жүргізіліп жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен танысты.
– Бүгінде балабақшада «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында балаларға ұлттық құндылықтарды үйретуге баса назар аударылуда. Бағдарлама әділетті қоғам құра алатын білімді, адал, асыл ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған. Ақбота сәбилер бақшасында таңертең балаларды қабылдаған кезде, әр айдың жоспарына сәйкес күйлер ойнатылып, ұлттық үстел-үсті ойындар ұйымдастырылады, – деді ведомстваның баспасөз орталығында.
Гүлсім Рамазанова мен Сәуле Шакенова балабақшадағы жұмыстардың маңыздылығын атап, ұлттық тәрбиенің келешегі үшін жауапты ұрпақ тәрбиелеуде «Ақбота» сәбилер бақшасының рөлін жоғары бағалады.
– 2010 жылы ашылған бұл балабақша, 2019 жылы аудан әкімінің қаулысы негізінде «Айгөлек» және «Балдаурен» балабақшаларымен бірігіп, жобалық қуаты 200 орындық мекемеге айналды. Бүгінде балабақшада ерте жас, кіші, ортаңғы және ересек топтары бойынша 10 топ бар, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, делегация Көктөбе жалпы орта мектебіне барып, ауданның білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесті. Кездесуде білім беру сапасын арттыру, тәрбиелік жұмыстарды жақсарту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Басшылар мектептердегі тәжірибелерімен бөлісіп, бірлесіп атқарылатын жобаларды жүзеге асыру туралы пікір алмасты.