Павлодарлық оқушылар актерлік шеберліктерін паш етті
Аталмыш байқауға 100-ге жуық бала қатысты, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
«Жігер» балалар-жасөспірімдер клубында қалалық «Театрдың ғажайып әлемі» атты театрлық қойылымдардың байқауы өтті. Байқауға 1-9-сыныпқа дейін оқитын 10 мектептің 100-ге жуық оқушысы қатысты. Шараның басты мақсаты – балалардың театрладық өнерін ашу, дамыту, оқу мәнерін, кейіпкерлердің рөліне кіре білуін дамыту.
Байқау барысында қазылар алқасы оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, қойылымның ойнатылуына, кейіпкерлердің киімдеріне, қойылымның әуенмен әсерленуіне назар аударды.
– Театр фестивалі – шығармашылық пен білімнің, қуаныш пен ынтымақтастықтың мерекесі. Фестиваль жақсы деңгейде өтті, тартымды кейіпкерлер көп болды. Ең бастысы, қатысушылар өздерінің сахналық қойылымдары мен образдарын көрсетті, – дейді қазылар алқасының төрағасы, «Жігер» клубы жетекшісінің орынбасары Әсемгүл Жолдасбекова.
Аталмыш жарыстың нәтижесінде «Үздік қыз бала рөлі» номинациясы жазушы Светик рөлін сомдағаны үшін басқару колледжінің студенті Снежана Рубонға және бақаның рөлін ойнаған №46 орта мектептің 4-сынып оқушысы Рашида Рашитқа, өрмекші рөлін ойнағаны үшін «Үздік ер адам рөлі» номинациясы А.Шамкенов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Алексей Михайловқа, «Үздік актер бейнелеуінің образдары» номинациясы ит рөлін сомдағаны үшін №11 орта мектептің 5-сынып оқушысы Екатерина Коноваловаға, «Көркем сөз» номинациясы №46 орта мектептің 9-сынып оқушысы Дарья Левушкинаға берілді.
Байқауда С.Торайғыров атындағы орта мектептің «Домовята» командасы «Незнайка» қойылымымен және №33 орта мектептің «Радуга» командасы «Қызыл телпек пен сұр қасқыр» қойылымымен жүлдегер атанды.
Байқау нәтижесінде А.Шамкенов атындағы мектептің «Рампа» шығармашылық ұжымы «Муха-Цокотуха» қойылымымен байқау жеңімпазы атанып, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.