Ақсуда халық биі мен сән дизайны бойынша байқау өтеді

Қатысуға 6 жастан бастап шектеусіз барлық тұрғындар шақырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2 тамыз күні сағат 16:00-де Орталық жағалауда «ULTTAR DOSTYGY» атты Қазақстан халқының фестиваль-байқауы ұйымдастырылады.
– Фестивальдің мақсаты – әртүрлі этностардың мәдениетін насихаттау, өнер мен шығармашылықты қолдау. Байқау хореография және мода-дизайн бағыттары бойынша өткізіледі. Хореография аталымында халық биі, халық биінің стилизациясы және классикалық би түрлері қарастырылады. Мода және дизайн аталымында киім, костюм немесе аксессуарлар топтамалары көрсетіледі. Бұл аталымда модельдер мен коллекциялар бөлек бағаланады, – деді «Tugan Qala» жобасының қатысушылары.
Фестивальге Ақсу қаласы мен Ақсу өңірінің ауылдық елді мекендерінің тұрғындары қатыса алады. Жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды – 6 жастан бастап жоғары жас мөлшерінсіз қатысуға болады. Қатысушылардан өтінімдер 27 шілдеге дейін қабылданады. Бір қатысушы немесе ұжым бірнеше өтінім бере алады.
– Бағдарлама фотосессия және дефиле бойынша мастер-кластан басталады. Салтанатты ашылу театрландырылған қойылыммен жалғасады. Қазылар алқасы таныстырылып, одан кейін қатысушылар өнер көрсетеді. Алдымен хореография аталымы бойынша, кейін мода және дизайн бағытындағы жұмыстар көрсетіледі. Арнайы шақырылған қонақтар да сахнаға шығып, өз өнерін ұсынады. Іс-шара марапаттау рәсімімен аяқталады, – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарға әр аталым бойынша гран-при, бірінші, екінші және үшінші орындар табысталады. Қазылар шешімімен гран-при берілмеуі де мүмкін. Хореографияға қатысқан әрбір өнерпаз дипломмен, ал жеңімпаздар кубок пен медальдармен марапатталады. Мода және дизайн аталымы бойынша қатысушыларға диплом және сәндік портфолио беріледі. Арнайы номинация иегерлеріне диплом мен статуэтка тапсырылады.
Фестивальге қатысу – тегін. Ұйымдастырушылар барлық ниет білдірушілерді белсенділік танытып, ұлттық өнерді дәріптеуге шақырады.