Made in Pavlodar: EXPO-да зиянды қалдықтарды бақылау технологиясын ұсынды
Бүгінде Павлодарда өндірілген 100-ден астам жабдық Қазақстан облыстарында қолданыста, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Газ талдау жүйелер Астанада өткен «RES 2026 EXPO» халықаралық диалог, инвестиция және жасыл технологияларды енгізу көрмесінде таныстырылды.
«Проманалит» компаниясының өкілі Жасмин Смағұлованың айтуынша, кәсіпорын 15 жылдан бері зиянды қалдықтарды сараптайтын жабдықтар мен автоматтандыру жүйелерін өндірумен айналысады.
– Көрмеде біз өндірістік шығарындыларды бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйесін ұсынып отырмыз. Бұл жүйе кәсіпорындардың атмосфераға шығаратын газдарын талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз су тазарту және талдау жүйелерін де әзірлеп, өндіреміз. Барлық жабдық Павлодарда шығарылады. Қазіргі таңда біздің жүйелер Қазақстан бойынша, соның ішінде «Астана Энерго» нысандарында және ЖЭО-ларда жұмыс істеп тұр, – деді Жасмин Смағұлова.
Отандық өнімнің бірқатар артықшылықтары бар.
– Біздің жабдықтар шетелдік аналогтарға қарағанда арзанырақ, бірақ сапасы жағынан кем түспейді. Жергілікті өндіріс логистика мен қызмет көрсетуді жеңілдетеді. Барлық өнім сертификатталған, қазіргі уақытта оны отандық өндірушілер тізіліміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бізде тәулік бойы жұмыс істейтін сервис қызметі бар. Жүйе автоматты режимде жұмыс істеп, деректерді үздіксіз Экология министрлігіне жібереді. Тапсырыс берушілерге қосымша зертхана немесе мамандар ұстаудың қажеті жоқ, барлық қызметті өзіміз қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті ол.
Жабдықтың бағасы тапсырыс берушінің міндеттеріне байланысты өзгереді. Шығарындылар көздерінің саны мен бақыланатын газ түрлері ескеріледі.
Қазіргі таңда павлодарлық кәсіпорындар ынтымақтастыққа дайын және өнеркәсіптік компаниялардың жеке сұраныстарына сәйкес жабдық әзірлеуді ұсынады.

Сондай-ақ, «Ascor» компаниясы ағынды суларды тазартуға арналған коагулянттар өндіру жобасын таныстырды. Өнім сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейді.
Компания директоры Сергей Воропаевтың айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда алғаш рет осындай реагенттерді өндіру жобасы іске қосылған.
– Бұрын бұл өнімдер импортталатын. Қазір біз өз өндірісімізді жолға қойдық: италиялық жабдықты және отандық шикізатты қолданамыз. Қазірдің өзінде Көкшетау, Қарағанды, Степногорск қалаларындағы коммуналдық кәсіпорындармен жұмыс істеп жатырмыз. Жоба мемлекетпен бірлесіп жүзеге асырылуда, инвестиция көлемі 1,3 миллиард теңгені құрады, – деді Сергей Воропаев.
Алдағы жоспар – Қазақстанның ішкі нарығын толық қамтамасыз етіп, болашақта экспортқа шығу.
Павлодарлық кәсіпорындардың өнімдері мен технологиялары көрме қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды.
Атырау қаласынан келген компаниялар тобының өкілі Бөгембай Татаев ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын айтты.
– Біз вахталық қалашықтар салумен және өнеркәсіптік сервистік қызмет көрсетумен айналысамыз. Ірі кәсіпорындарда жөндеу жұмыстары кезінде қызмет көрсетеміз. Мысалы, елдегі мұнай-химия зауыттарымен жұмыс істейміз. Бізді шетелдік инвестициялар тартылатын ірі индустриялық жобалар қызықтырады. Павлодарлық компаниялармен серіктестік мүмкіндіктерін қарастырып отырмыз, – деді Бөгембай Татаев.
Еске сала кетейік, көрмеде Павлодар облысының онға жуық кәсіпорны өз өнімдері мен технологияларын ұсынды. Олардың қатарында өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және жаңашыл құрылыс материалдарын өндіру жобалары бар.