Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететін өңірлер қатарына шығады

Үкімет өңірлердің дербес бюджет қалыптастыру және салық базасын кеңейту мүмкіндігін арттыруға баса назар аударып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин донор-өңірлер санының артуына қатысты депутаттық сауалға жауап берді. Министрдің айтуынша, биыл өңірлердің басым бөлігі бюджеттің кіріс бөлігін екі триллион теңгеден астам сомаға артық орындаған.
– Кірістердің өсуімен қатар шығындар да артып келеді. Еліміз үлкен, аймақтар тарихи тұрғыдан әртүрлі қарқынмен дамыған. Донорлық аймаққа айналу – ұзақ процесс, біз бұл үдерісті жасанды түрде жеделдетуге тырыспаймыз, – деді Серік Жұманғарин.
Министр атап өткендей, бұған дейінгі үш донор өңір – Атырау облысы мен Алматы және Астана қалаларының қатарына енді Маңғыстау облысы қосылады, ал Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне шықты.
Үкімет өңірлердің дербес бюджет қалыптастыру мүмкіндігін арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
– Берілетін субвенциялар аймақтың қазіргі қажеттіліктері мен кірістері арасындағы айырмашылықты жабуға бағытталған. Барлық тұрақты салықтар, соның ішінде акциздер, жергілікті деңгейге берілді. Сондықтан өңірлердің дамуы жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігі мен салық базасын кеңейту қабілетіне байланысты, – деді министр.
Сонымен қатар, вице-премьер өңірлердің дамуына ірі инвестициялық жобалардың ықпалы зор екенін атап өтті. Мысалы, Алматы облысында салынып жатқан Alatau City жобасы аймақтың және Алматы агломерациясының дамуына елеулі серпін береді.
Серік Жұманғариннің айтуынша, алдағы уақытта донор өңірлер қатарына Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары қосылуы мүмкін. Өңірлердің қаржылық дербестігі мен донорлық әлеуеті алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобалардың нәтижесіне және жаңа инвестициялық саясаттың тиімді іске асырылуына тікелей байланысты болады.