Павлодар облысында жергілікті салықтарды жинау сапасы артады
Жеке тұлғалардың мүлкі мен көлік құралдарына салық жинауды жетілдіру бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоба 6 қазаннан бастап Успен және Железин аудандарында іске асырылуда. Ол ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 16 қыркүйектегі № 500 бұйрығына сәйкес жүргізілуде.
– Жоба аясында Успен және Железин аудандарының 19 ауылдық округінің әкімдіктері жергілікті салықтарды есептеу және төлеу тәртібі туралы азаматтарға кеңес беру және ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. Енді тұрғындарға аудан орталығына барудың қажеті жоқ – барлық қажетті ақпаратты тікелей ауылдық округ әкімдігінен алуға болады, соның ішінде салықтар бойынша есептеулер мен берешектерді білу, кеңес алу, сондай-ақ қате есептеулерді түзету мәселелері бойынша жүгіну, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментітің баспасөз қызметі.
Ауылдық округтер әкімдіктері Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі арқылы жеке тұлғалардың есептеулері мен берешектері туралы мәліметтерге қол жеткізе алады. Қажет болған жағдайда азаматтарға Мемлекеттік кірістер комитетінің (kgd.gov.kz) сайтындағы «Электрондық калькулятор» сервисі және «eSalyq Azamat» мобильдік қосымшасы арқылы есептеулерді жүргізуге көмектеседі.
Пилоттық жоба барысында деректерді нақтылау бойынша жұмыс жүргізілуде: ресімделмеген объектілерді анықтау және есепке қою, қайтыс болған меншік иелерін, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кеткен адамдарды, сондай-ақ иесіз мүлікті анықтау және тағы басқалары.
– Ауылдық округ әкімдіктерімен өткізілген іс-шаралардың (аулаларды аралау, қоңырау шалу, хабарламаларды тапсыру, WhatsApp арқылы SMS-хабарлау, түсіндіру жұмыстары) қорытындысы бойынша 74 жылжымайтын мүлік объектісін анықтап, тіркеу есебіне/қайта тіркеуге қойды. Оның ішінде Успен ауданында – 18, Железин ауданында – 56 жылжымайтын мүлік объектілері бар. Бұған шаруашылық ғимараттар, гараждар, моншалар, қоймалар, жер учаскелері және басқа да объектілер жатады, – делінген хабарламада.
Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін оның тиімділігіне баға беріледі. Салықтық әкімшілендіру және халықты ақпараттандыру сапасын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда.