Наурыз айында павлодарлықтар қандай қойылымдарды тамашалай алады?
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры осы айға арналған репертуарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Алғашқы махаббат» комедиясы
8 және 17 наурыз, 17:00
Бұл – қызығы мен мұңы аралас албырт кезеңдегі аяулы сезім. Алғашқы махаббат, албырт сезім, бұл – партадан басталатыны белгілі. Ал алғашқы сезімі ұстазына оянып, өзінен әлдеқайда үлкен қызға ғашық болған бозбала жайлы естіп пе едіңіз? Бұл албырттық па, әлде ақымақтық па? Бәлкім бұл шынайы сезім шығар. Мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері, алғашқы махаббат, бейкүнә сезімдер суреттелетін қойылым көрермен көңіліне қуаныш сыйламақ.
Авторы: Қанат Жүнісов. Режиссері: Жангелді Садықов
«Джудит жасаған қиын таңдау» балалар мен ересектерге арналған спектакль-шоу
12 наурыз, 13:00, 18:00
Спектакльдің динамикалық құрылымы арқылы қойылым авторлары көрерменге әке мен баланың арасындағы мәселелерді қозғайды. Бала мен ата-ана арасындағы байланыс көпірінің құлдырауы сияқты өмірдегі маңыздылығы жоғары және мәні терең құбылыстар жайлы сыр шертеді. Мүмкін байланыстың үзілу себебі – адамдардың бір-бірін түсіне алмау немесе түсінгісі келмеу салдарынан орын алып жатқан болар. «Джудит жасаған қиын таңдау» қойылымы айналаға – балаға ересек адамның көзімен, ал ата-анасына баланың көзімен қарауға мүмкіндік береді.
Авторы және режиссері: Сергей Левицкий. Грейс Маклиннің «Самая прекрасная земля на свете» романының желісі бойынша.
«Балалық шаққа саяхат» драмасы
19 наурыз, 18:30
Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесінің желісі бойынша сахналанған қойылымда сол бір қиын қыстау кездердің ауыр жағдайын, жазушының тағдырында тартқан тауқыметі жөнінде баяндалады. Қара талқан, қара сумен амалдап күн кешсе де жарқын күндерден үміт үзбеген бала жүрек арманның асылына, мақсаттың биігіне ұмтылады.
Авторы – Бердібек Соқпақбаев, режиссері – Жангелді Садықов.
«Шәмші» спектакль-концерті
22 наурыз, 17:00
«Шәмші» спектакль-концерті – сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады. Мың ғасырда бір туатын Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Анасының әлдиіне уынған тау тұлға, есейе келе ғашығы - Сағыныштың сазына қанығып, махаббат жайлы сыр шертеді. Өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды.
Авторы: Нұркен Тұрлыбек. Режиссері: Әділет Ақанов.
«Бір түп алма ағашы» драмасы
24 наурыз, 15:00
Бір отбасының балалары өсіп-өніп, өмірдің талабымен жан-жаққа тарап кетеді. Соған қарамай бір бірімен араласып, ағайындар тату болады. Ауылда аналары Дәметкен мен кіші інілері Мақсат тұрып жатқан туған үйлеріне ылғи да келіп тұрады. Бірақ соңғы кездері аналарына келулері сиреп, өзара қатынас та өзгере бастайды. Мұны әрбіреуінің өмірде алған орындарымен, жеткен жетістіктерімен байланысты деуге әбден болады.
Авторы: Әлімбек Оразбеков, режиссері: Ержан Қауланов.
«Ойыншықтар» ертегісі
26 наурыз, 11:00
Спектакльде ойыншықтарын жақсы көретін өздерің сияқты кішкене баланың бастан кешкен, құпияға толы өмірі суреттеледі. Телефонның арбауына шырмалған бала ойыншықтарынан бас тартып, ата-анасын мүлде тыңдаудан қалады. Телефонның тұңғиығына кіргені сонша, айналасын ұмытып, бейтарап күн кешеді. Алаңдаған ата-ана баласын бұл күйден құтқара ала ма? Жоқ әлде, баланың таңдауы ойыншықтарға емес, телефонға түсе ме?
Авторы және режиссері: Айдын Салбанов.
«Ұждан» әфсанасы
27, 31 наурыз, 18:30
Уақыт ағымындағы адамзат баласының кең пейілі тарылып, мейірімі мен ұяты тартылып, суалып барады... Ар таразысы салмақсызданып, адамгершілік қасиет құнсыздануда. Себебі, болмыстың нәрі мен құнары Ұжданнан айырылып барамыз. Ақын Шәкәрімді толғандырған «ар, ұят, ынсап, намыс» атты басты адамдық қасиеттер бұл күнде де жұтаңданып, жаһандану дәуіріне жұтылып барады. Ұжданнан айырылған қоғам хайуан күн кешіп, азып-тозып кетпей ме? Ал, адамзат бұны ойлай ма?
Авторы: Ш Құдайбердіұлы. Инсценировка авторы: Нұркен Тұрлыбек. Режиссері: Азамат Нығманов.
«Біз туралы» («Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша) лирикалық драмасы
28 наурыз, 17:00
«Жылымық» – адам жүрегіндегі мейірім мен сағыныш, сүйіспеншілік пен кешірім жайлы сыр шертетін әсерлі драма. Қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің бұл туындысы – адамның рухани әлемін, өмірдің аязды сәттерінде де жылылық табуға ұмтылған жанның ішкі күресін бейнелейді.
Қойылымда адам тағдыры, олардың өмірге, махаббатқа және бір-біріне деген сенімі көрініс табады. Суық қоғамда да адамды тірі ұстайтын күш – махаббат пен мейірім екенін спектакль әр көрінісінде сездіреді.