Павлодар облысында арзандатылған жанармай бойынша конкурс жарияланды

Павлодар облысында арзандатылған жанармай бойынша конкурс жарияланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл облысқа 27 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлімдеуінше, биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арзандатылған дизель отынын жеткізу жөніндегі операторды іріктеу жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылдануда. 

- Ағымдағы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облысқа 27,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Операторлық қызметтерсіз арзандатылған дизель отынының 1 тоннасының құны 313 170 теңгені немесе литрі 263 теңгені құрайды. Өтінімдер басқарманың электрондық сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қабылданады, - дейді басқармадағылар.

Еске сала кетейік, өтінімдер Павлодар қаласы, Астана көшесі 61, 4 қабат 403 кабинетінде  қабылданады: Сондай-ақ, құжаттаманы электронды түрде USB флэш-дискісінде (флэш-диск) ұсыну қажет. Сонымен қатар kense.dsh@pavlodar.gov.kz электронды поштаға жолданады. 

Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған немесе құжаттар талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жұмыс органы өтінімді қабылдамайды. 

Қосымша ақпаратты Павлодар облысының ауыл шаруашылық басқармасының ресми сайтынан алуға болады.