Павлодар өңірінде бес әлеуметтік жоба шағын грант жеңіп алды
Өңірде ауылдық ҮЕҰ мен бастамашыл топтарға арналған шағын гранттар конкурсының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жуырда «Павлодар облысының ҮЕҰ үшін өңірлік азаматтық ресурстық орталығын дамыту және ауылдық ҮЕҰ үшін шағын гранттарды іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында өткізілген шағын гранттар конкурсының қорытындыларын шығару жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өтті.
— Конкурс қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру арқылы азаматтарды әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді тартуға, ауылдық үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтарды қолдауға, халықтың азаматтық белсенділігін дамытуға және жергілікті деңгейде әлеуметтік жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған, - делінген хабарламада.
Байқаудың іріктеу кезеңінде Павлодар облысының түрлі аудандарынан 30 өтінім келіп түскен. Ұсынылған жобалар жергілікті қауымдастықтарды дамыту, мәдени мұраны сақтау, экологиялық ағартуды ілгерілету, әлеуметтік осал топтарды қолдау және азаматтық бастамаларды дамыту сияқты бағыттарды қамтыған.
Барлық өтінімдер бекітілген талаптарға сәйкес конкурстық комиссия тарапынан қаралып, бағаланды. Іріктеу қорытындысы бойынша бес жеңімпаз анықталып, олардың әрқайсысы өз бастамасын жүзеге асыру үшін 600 000 теңге көлемінде ақшалай қолдауға ие болды.
Жеңімпаздардың қатарында Шарбақты ауданының Орловка ауылынан ұсынылған «Экоферма 4.0: қалдықтардан пайдалы технологияларға» жобасы бар. Жобаны Татьяна Мандрык жетекшілік ететін бастамашыл топ жүзеге асырады. Оның мақсаты – оқушылардың экологиялық санасын қалыптастыру, агротехнологиялар саласындағы практикалық дағдыларын дамыту және «ақылды бақша» тұжырымдамасын енгізу.
Ертіс ауданында Айнагүл Ашенова жетекшілік ететін «QamqorPlus» жобасы да қолдау тапты. Бұл бастама әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге, олардың қоғамға бейімделуіне және жергілікті қауымдастықтарда өзара көмек мәдениетін дамытуға бағытталған.
Экологиялық бағыттағы тағы бір жоба – Павлодар ауданындағы «Подари Земле Сад» жеке қоры жүзеге асыратын «Гүлдене бер, менің Жерім!» жобасы. Қатысушылар көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру үшін арнайы контейнерлерде өсіріп, өңірде мың ағаш отырғызуды және қосымша екі мың көшет дайындауды жоспарлап отыр.
Атамекен кентінде «Алтын оймақ АТАМЕКЕН» қоғамдық бірлестігінің «Көненің көзін ашу» жобасы іске асырылады. Жоба қазақтың сәндік-қолданбалы өнері мен салт-дәстүрлерін насихаттау арқылы жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға және ұлттық мұраны сақтауға бағытталған.
Жеңімпаздардың бірі – Май ауданының Баскөл ауылынан ұсынылған «Өлкетану – өнеге мектебі» жобасы. Берік Ескендіров жетекшілік ететін бастамашыл топ оқушылардың туған өлке тарихына қызығушылығын зерттеу жұмыстары мен өлкетану экспедициялары арқылы арттыруды көздейді.
— Қолдау тапқан бастамалар жергілікті қауымдастықтардың дамуына, халықтың азаматтық белсенділігін арттыруға, мәдени дәстүрлерді сақтауға, экологиялық ағартуға және Павлодар облысының ауылдық аумақтарындағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етеді, - дейді ұйымдастырушылар.
Шағын гранттар конкурсын Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Павлодар облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.