Биіктіктегі қауіп: Павлодарда ауқымды жаттығу өтті

Биіктіктегі қауіп: Павлодарда ауқымды жаттығу өтті
Фото: ТЖД баспасөз қызметінен

Оқу-жаттығуға 30-ға жуық маман жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодарда жоғары қабатты тұрғын үйде өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.

Шара биік ғимараттағы шартты өртті сөндіру кезінде жеке құрамның іс-әрекеттерін пысықтау, шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылын тексеру, сондай-ақ адамдарды эвакуациялау және құтқару дағдыларын жетілдіруді мақсат етеді.

- Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, өрт жоғарғы қабаттардағы пәтерлердің бірінде болған. Шартты оқиға орнына гарнизонның күштері мен құралдары жедел жіберілді. Өрт сөндіру бөлімшелері барлау жүргізіп, техниканы орналастырып, тұрғындарды эвакуациялауды және шартты түрде зардап шеккендерді құтқаруды ұйымдастырды, - делінген хабарламада.

Жаттығу барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің буындарының жұмысына, биіктікке су беруге, сондай-ақ басқа да тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерімен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.

Оқу-жаттығуға барлығы 8 бірлік техника және жеке құрамның 27 адамы жұмылдырылды.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ өрт туралы 101 немесе 112 нөмірі бойынша хабарлай отырып, лифттерді пайдаланбауды және түтін шыққан кезде үй-жайлардан дереу кетуді сұрайды.