Екібастұздық мейрамханада уланған қонақтар қомақты өтемақы алады
Қалалық сот осындай шешім шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мейрамханаға моральдік және материалдық залалды өндіріп алу туралы 18 адам шағым түсірді. Сәуір айында олар қыз ұзату тойында шақырылғандардың тізімінде болды. Кеш Екібастұз қаласындағы мейрамханалардың бірінде өтті. Іс-шарадан кейін кейбір қонақтар, оның ішінде балалар өздерін нашар сезініп, ауруханаға жатқызылды.
Зардап шеккендер жеке кәсіпкерден ауруханада болған уақыт үшін материалдық шығынды өтеуді талап етті. Сома көлемі – 1318 теңгеден 188 462 теңгеге дейін болған. Талапкерлер моральдік азап, атап айтқанда, кәмелетке толмаған балаларға қатысты өтемақыны 200 мыңнан 700 мың теңгеге дейін бағалады.
Сот талаптардың тек бір бөлігін қанағаттандырды. Мейрамхана зардап шеккендерге 5,2 миллион теңгеден астам төлейтін болады.
Шешімге апелляциялық шағым берілуі мүмкін.
Еске сала кетейік, екібастұздық мейрамханада санитарлық дәрігерлер бұзушылықтарды, соның ішінде нысанның санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысының, қызметкерлердің медициналық кітаптарының жоқтығын анықтады. Зардап шеккен қонақтар алты миллион теңгеге екі тармақ бойынша ұжымдық талап- арыз берген еді.