Павлодарда демалушылар жазаланды
Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін үш азаматқа айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұзақыларды полиция қызметкерлері білім басқармасының өкілдері және еріктілермен бірге суда рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде анықтады.
Демалушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, жадынамалар табысталды.
– Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша бұзушыларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды: барлығы 412-бап бойынша «су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау» бойынша 3 әкімшілік хаттама толтырылды, жалпы сомасы – 38 766 теңге әкімшілік айыппұл салынды, – дейді баспасөз орталығында.
Құтқарушылар тыйым салынған және тереңдігі белгісіз жерлерде суға түспеуді, қалқымалар мен қоршаулардың артына шомылмауды, мас күйде суға түспеуді, балаларды қараусыз қалдырмауды, өзендер мен су қоймаларының жанында демалыс таңдау кезінде аса қырағы болуды сұрайды.