Павлодар облысының тұрғындары үйлерінде сақтаулы тұрған қаруларын тапсыруда
Ол үшін азаматтарға сыйақы беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ аумағында тіркелмеген қаруды сатып алу акциясы басталды. Әрбір атыс қаруының иесі өзінің «арсеналын» тәртіп сақшыларына тапсыра алады.
- Акция басталғаннан бері облыс тұрғындары баллистикалық сараптамаға жіберілген бес қаруды тапсырды. Тек сараптама нәтижелері бойынша сыйақы төлеу туралы шешім қабылданады, - делінген хабарламада.
Мысалы, Баянауыл ауданының тұрғындары 16, 20 және 32 калибрлі тегіс ұңғылы қарудың төрт бірлігін тапсырып үлгерген. Төлемнің болжамды сомасы 221.520 теңгені құрайды.
Ал Тереңкөл ауданының тұрғыны марқұм әкесінен қалған ИЖ-17, 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшылық мылтығын тапсырды. Төлемнің болжамды сомасы 77.532 теңгені құрайды.
Ведомствода егер сізде немесе туыстарыңызда заңсыз, тіркелмеген қару болса, оны тапсыру қажет екенін еске салды. Ол үшін жазбаша өтініш жазып, тұрғылықты жері бойынша полиция органдарына тапсыру керек. Тіркелмеген қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылады.