Павлодар ауданы прокурорының кубогы үшін жас футболшылар бақ сынасты
Дода «Айқын нәтиже» жобасы және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кемеңгер орта мектебінде 2015–2016 жылы туған жасөспірімдер арасында дәстүрлі ашық мини-футбол турнирі өтті. Ашылу рәсімінде қатысушыларды Павлодар ауданының прокуроры Әзімхан Исақов құттықтады. Ол оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жарқын жеңістер мен жаңа жетістіктер тіледі, сондай-ақ спорттың белсенді әрі жауапты жастарды қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.
Бас жүлде үшін Жетекші, Заря, Кемеңгер және Теміржолшылар кентінің командалары бақ сынады. Турнир барысында жас спортшылар жоғары дайындық деңгейін, командалық рух пен жеңіске деген ұмтылысты көрсетті.
Қорытынды бойынша Павлодар ауданы прокуроры кубогының иегері – Заря мектебінің командасы болды. Күміс жүлдені турнир қожайындары – Кемеңгер мектебінің футболшылары жеңіп алды. Үшінші орын Жетекші командасына бұйырды.
Үздік ойыншылар «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан марапаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Спорттық мереке барлық қатысушыларға тәтті сыйлықтар таратумен аяқталды.