Павлодарлықтар донор болуға қаншалықты белсенді?

Павлодарлықтар донор болуға қаншалықты белсенді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында жыл сайын 10 мыңнан астам адам қан тапсырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық қан орталығының мәліметінше, өңірде өз еркімен қан тапсыру арқылы мұқтаж науқастардың өмірін сақтап қалуға үлес қосып келе жатқан үш мыңнан астам тұрақты донор бар. 

–  2024 жылы 10 241 адам қан тапсырды. Нәтижесінде 11 208 доза қан мен оның компоненттері дайындалды. Ал 2025 жылы донорлар саны 10 042 адамды құрап, 10 455 доза қан және қан компоненттері жиналды, – деді қан орталығында. 

Ал, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 7 556 адам донорлыққа қатысып, 8 456 доза қан мен оның компоненттері дайындалған. Жалпы, облыста жыл сайын орта есеппен сегіз тоннадан астам қан жиналады.

Донорлар арасында O Rh+, A Rh+ және B Rh+ қан топтары жиі кездесетін көрінеді. Ал АВ Rh+ және теріс резус-факторлы қан топтары салыстырмалы түрде сирек. Қан орталығында жүргізілетін есеп бойынша, O Rh+, A Rh+ және B Rh+ топтарының әрқайсысынан жылына екі мыңнан астам адам қан тапсырады. АВ Rh+ қан тобы бойынша бұл көрсеткіш шамамен мың адамды құрайды.

–  Теріс резус-факторлы қан топтарының ішінде O Rh- тобы жиі кездеседі. Жыл сайын бұл топ бойынша 500-600 адам донор болады. Ал ең сирек кездесетін АВ Rh- қан тобын тапсыратындар саны жылына шамамен 150-200 адам, – деді облыстық қан орталығында. 

Мамандардың айтуынша, облыста белгілі бір қан тобы бойынша тұрақты тапшылық жоқ. Дегенмен сирек кездесетін теріс резус-факторлы қанға бір мезгілде көп өтінім түскен жағдайда қиындықтар туындауы мүмкін. Соған қарамастан, қан немесе оның компоненттерінің жетіспеушілігіне байланысты медициналық мекемелердің өтінімдерін орындаудан бас тарту жағдайлары болмаған. Барлық өтінім уақытылы орындалады.

Сондай-ақ Павлодар облысында көп жылдан бері донор болып жүрген азаматтар аз емес. Қан орталығы донорлардың сәтті донацияларының санын тұрақты есепке алады. 40 реттен астам қан тапсырған азаматтар «Құрметті донор» атағына үміткер бола алады.

Бүгінде облыста қан тапсыру арқылы денсаулық сақтау саласына үлес қосқаны үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған жеті адам бар. Олардың арасында 91 рет қан тапсырған тұрғын да бар.

Ал «Құрметті донор» атағына үміткерлер саны 50 адамнан асады. Олардың қатарында 77 рет қан тапсырған азаматтар да бар.