Павлодарда балаларға қауіпсіздік ережелері театр тілінде жеткізілді
ТЖД қызметкерлері балаларға өрттің пайда болуын ойын түрінде көрсету үшін үйлердің шағын макеттерін пайдаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт қауіпсіздігі айлығы аясында өртке қарсы қызмет комитетінің бастамасымен кішкентай көрермендерге театр қойылымдары арқылы қауіпсіздік ережелері еске салынды.
Департамент қызметкерлері Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрымен бірлесіп, «Өртпен ойнама» атты репертуарлық спектакльдің көрсетілімін ұйымдастырды. Бұл іс-шарада балаларға арнайы өрт қауіпсіздігі ережелері тақырыбында театрландырылған қойылымдар дайындалды.

– ТЖД қызметкерлері өз күштерімен үйлердің шағын макеттерін жасаған. Бұл көрнекі модельдер профилактикалық іс-шаралар кезінде балаларға өрттің қалай пайда болатынын және төтенше жағдайды болдырмауға көмектесетін әрекеттерді ойын түрінде көрсету үшін қолданылды. Іс-шараның басты мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының назарын тұрмыстық және көшедегі қауіпсіздік мәселелеріне аударып қана қоймай, төтенше жағдайлар туындаған кезде сауатты іс-әрекеттерге үйрету болып табылады, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, оқушылар әртістердің ойынын зор қызығушылықпен тамашалады. Олар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын қолжетімді және қызықты түрде түсіндірді. Жарқын бейнелер мен өмірлік жағдайлар арқылы балалар қарапайым талаптарды бұзған кезде қандай қауіптер туындауы мүмкін екенін және қиындықтан қалай құтылуға болатынын көрді.

Жас көрермендер іс-шараға ризашылығын білдірді. ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі айлығы аясында халық арасында, әсіресе балалар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру жұмыстарына ерекше назар аударылатынын атап өтті.