Павлодар филармониясының қоржыны 3D-жетігенмен толықты
Аспап Рүстембек Омаровтың туған күніне орай сыйға тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясында ерекше кездесу өтті. Қалаға танымал аддитивті инженер Иван Могер артистерге өзі жасаған 3D-жетігенді сыйға тартты. Жас инженер аспапты әзірлеуге үш ай уақыт жұмсаған.

– Бүкіл жазымды осы жұмысқа арнадым деуге болады. Бірақ еш өкінбеймін. Керісінше, қазір жұмысымды кәсіби әртістерге көрсетіп, олардың оң бағасын естігенде, бәрінің бекер болмағанын түсіндім. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеуде, – дейді Иван Могер.
3D-технологияның көмегімен жасалған жетіген 32 бөлшектен тұрады және салмағы шамамен 1,5 келі. Басып шығаруға кіріспес бұрын Иван көне қазақ аспабының тарихы мен ерекшеліктерін жан-жақты зерттеген.
Жетіген біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда пайда болған. Оның тарихы көптеген мемлекеттердің тарихынан да көне.

– «Жетіген» атауының мағынасы да, меніңше, көпшілікке түсінікті. «Жеті» – жеті деген сөз. Ал екінші бөлігі – «ен», яғни «ән». Жетігенге байланысты жеті ұлынан айырылған қария туралы әдемі аңыз бар. Әр баласы қайтыс болған сайын ол бір-бір ішек тартып, оның рухына арнап күй шығарған. Осылайша жеті ішек пайда болып, әкенің перзенттеріне деген сағынышы мен қайғысын бейнелеген, – деді инженер.
Бұған дейін ол әртістерге 3D-кобыз жасап, сыйға тартқан. Бүгінде ол филармония музейінде сақтаулы. Ал жаңа жетіген шағын нұсқада жасалған. Дәстүрлі үлкен кәсіби аспаптың салмағы едәуір болса, ансамбльдік орындауға арналған қазіргі үлгілерде 20-дан астам ішек бар. Иван аспаптың негізгі ерекшеліктерін сақтай отырып, ықшам әрі ең бастысы, дыбыс шығаруға болатын үлгі жасай алған.
– Иван жетігеннің шағын нұсқасын жасап, оның ерекшеліктерін ескерді. Ең бастысы – аспапта ойнауға болады. Әрине, әзірге бұл үлкен сахнада өнер көрсетуге арналған шебер қолынан шыққан кәсіби аспап емес. Дегенмен өте қызықты дүние шыққан. Балаларға, әсіресе кішкентай саусақтарына өте қолайлы. Мұндай жетігенді мектепке дейінгі ұйымдарда, бастауыш сынып оқушыларымен кездесулерде пайдаланып, балаларды ұлттық аспаппен таныстыруға болады, – деді филармония әртісі Раушан Нәғышпаева.
Иван үшін 3D-басып шығару – жай ғана әуестік емес. Ол Қазақстандағы 3D-инженерлерді біріктіретін алғашқы әлеуметтік желідегі топты құрған. Бүгінде бұл топқа еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден астам адам мүше. Инженер цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы болашақта музыкалық аспаптар өндірісіне де өзгеріс әкелуі мүмкін деп есептейді.
– Уақыт өте келе кәсіби музыкалық аспаптарды 3D-басып шығару технологиясы арқылы жасау әбден мүмкін. Мұндай тәсіл ағашты тиімдірек пайдалануға, өндіріс шығындарын азайтуға, аспаптарды қолжетімді әрі практикалық етуге мүмкіндік береді, – дейді Иван.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Талғат Кәрімов пен бөлім жетекшісі Жібек Айтбаева Иванға ұлттық музыкалық өнерге деген қызығушылығы және оны насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Олар оған филармонияның мерейтойлық 85-маусымындағы алғашқы концертіне шақыру билетін салтанатты түрде табыстады. Мазмұнды бағдарламадан тұратын концерт 16 қазанда өтеді.
Айта кетейік, 7 қыркүйек – Қазақстандағы алғашқы кәсіби домбырашы, жерлесіміз, аты аңызға айналған музыкант Рүстембек Омаровтың туған күні. 2017 жылдан бері филармонияның қазақ халық аспаптары оркестрі оның есімін иеленіп келеді.