Павлодар кардиоорталығы 50 мың адамды емдеп шықты
Павлодар облыстық кардиологиялық орталық алғашқы мерейтойын атап өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш медицина мекемесінің онжылдығына орай облыс орталығында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Форум жұмысын облыс әкімі Айзада Құрманова бастады. Ол қажырлы еңбек атқарып жүрген орталық ұжымына алғыс айтып, дәрігерлерге сәттілік тіледі.
- Бүгінгі конференция – облысымыз үшін маңызды оқиға, - деді ол. – Бұл өңіріміздің кардиологиялық қызметінің дамуына тың серпіліс береді деген сенімдемін. Кардиоорталық ашылғалы облыс тұрғындары ешқайда бармай заманауи кардиологиялық көмек ала алатын болды. Бұл бағытты күшейтіп, кеңейте беруіміз керек.
Кардиологиялық қызмет пен кардиохирургтар командасының қалыптаса бастаған сәті деп 2008 жылды айтуға болады. Сол кезде №2 қалалық аурухана негізінде 20 төсек-орынға арналған бөлімше ашылды. Ресей, Беларусь, Литва, Израильде алғашқы бес хирург-дәрігер оқытылып шықты. 2013 жылы кардиоорталық ашылғалы 46 мың адам ем-дом алды.
2015 жылы орталық №2 қалалық ауруханамен біріктірілді. Нәтижесінде Қазақстандағы бірегей кардиологиялық кластер құрылды, төсек-орын 205-ге дейін жетті. Бір күн ішінде клиника көмегіне 40 науқас жүгінеді, олардың 60% - жедел түрде жеткізіледі.
Орталықтың бұрынғы басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, хирург Әділжан Әлбазаров айтып өткендей, барлық жетістік – кардиоорталық ұжымының еңбегі.
- Ұйымдастырушылық дарын, мемлекеттік қолдау, қызметкерлердің ынта-жігері орталықты Қазақстандағы алдынғы қатарға шығаруға жол ашты, - дейді хирург. – Кардиоорталықта жұмысты оңтайландыра алдық, әртүрлі қызметтер арасында жақсы байланыс құра алдық. Сол арқылы науқас пайдасына қарай жедел шешім шығара алатын мүмкіндікке ие болдық.
Конференция барысында бірқатар хирург-дәрігерлер әртүрлі марапаттарға ие болды.