Павлодарда тікұшақпен жеткізілген науқасқа шұғыл көмек көрсетілді
Дәрігерлер ер адамға қажетті шараларды жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы санитарлық авиация желісі бойынша шұғыл рейс орындады. Әуе кемесі Павлодар – Екібастұз – Павлодар бағыты бойынша медициналық көмекке мұқтаж науқасты облыс орталығына жедел жеткізді.
1957 жылы туған ер адамды тасымалдау 13 шілдеде жүзеге асырылды. Оған жүректің ишемиялық ауруы мен жедел коронарлық синдром диагнозы қойылған. Науқас облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізілді.
Ұшу барысында санитарлық авиацияның медициналық бригадасы науқастың жағдайын үздіксіз бақылауда ұстап, қажетті медициналық көмекті көрсетті. Ал «Қазавиақұтқару» экипажы белгіленген бағыт бойынша жедел ұшуды қамтамасыз етті.
– Әуе кемесінің экипажы белгіленген бағыт бойынша жедел ұшып шықты, ал санитарлық авиацияның медициналық бригадасы науқастың жағдайын тұрақты бақылап отырды, – деді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Мұндай санитарлық рейстер шұғыл медициналық көмекке мұқтаж пациенттерді уақытылы мамандандырылған медициналық ұйымдарға жеткізуге мүмкіндік береді.