Павлодар облысында шалғай ауылдарға жедел жәрдем көліктері берілді
Павлодар және Баянауыл ауданындаға емханалар жаңадан алты сантиралық көлікпен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімдігі санитарлық транспортты кезең-кезеңімен жаңартуды қолға алды. Достық үйінің алдында аудандық ауруханаларға қатысты шалғай ауылдарға алты бірлік жедел жәрдем көлігінің кілттерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов табыстады.
Павлодар ауданында 29 медициналық нысан, оның ішінде 3 ФАП, 10 дәрігерлік амбулатория бар. Алайда, аудандағы санитарлық көліктердің жағдайы нашар деңгейде.
– 2017 жылдан бері жедел жәрдем көлігі сатып алынбады. Қазір ауыстырып жатқан көлік өте ескі, 2011 жылғы. Сол себептен облыс әкімдігіне ризамыз, – дейді Павлодар ауданының емхана басшысы Гүлнар Қайырбаева.
Жаңадан үш көлік Павлодар ауданының шалғай ауылдары – Чернорецк, Новоямышево және Ефремовка амбулаториясына жеткізілетін болады. Олар Павлодардан 70 км қашықтықта орналасқан.
– Ескі көліктерге адам сыймайтын еді, ыстық болды және сына беретін. Қыста қатты аяз кезінде науқастарды шығара алмайтын едік, енді жаңа көлікпен жұмысымыз жеңілдейтін болады, – дейді Чернорецк ауылының дәрігері Дәулет Болатбаев.
Биылғы жылдың қаңтарында жалпы сомасы 800 мың теңге көлемінде 11 медициналық мекемеге 37 санитарлық автокөлік сатып алу бойынша конкурс жарияланған. Конкурстардың жеңімпазы «СемАЗ» ЖШС болып анықталды. Енді 1 қыркүйекке дейін тағы 31 санитарлық транспорт келеді деп күтілуде.
Фото: Есенжол Исабек