Павлодар колледждерінде ІТ, педагогикалық мамандықтарға сұраныс артқан
Жыл сайын түлектердің 65 пайызы оқыған мамандығы бойынша жұмысқа орналасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Талапкерлер өңірімізде орналасқан 42 колледждің ішінен 71 мамандықтың бірін таңдай алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова айтты.
– ІТ, педагогикалық мамандықтар бойынша сұраныс көп. Өткен жылы ақпараттық технологиялар колледжі мамандығы бойынша бір ақысыз орынға тоғыз адам, педагогикалық мамандықта жеті адам таласты, – деді спикер.
Оның айтуынша, мектеп түлектері ветеринария, радиотехника, металлургия сынды мамандықтарға қызығушылық танытады.
– Екібастұздағы төтенше жағдайдан кейін газ және электр дәнекерлеушілері, сантехниктер, электриктер арасында бәсекелестік төмендегені байқалды. Бұл мамандар облыстағы оннан астам колледжде оқытылады. Сондықтан мұндай мамандықтарға ақысыз оқу орындары ұлғайды, – деп қосты басқарма басшысының орынбасары.
Айта кетерлігі, өткен жылы тігіншілер мен шаштараздар мамандықтарына сұраныс азайған. Биыл медициналық, педагогикалық және техникалық колледждерге мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылған. Алдағы оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 5705 орынды құрайды.