Павлодарлық жас өнерпаздар халықаралық додада топ жарды

Павлодарлық жас өнерпаздар халықаралық додада топ жарды

Қырғызстан республикасында өткен байқауда жерлестеріміз 6 жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім  басқармасының мәлімдеуінше, балаларға арналған өнер додасы  Ыстықкөл жағасындағы «Goodlake» пансионатында 3-8 шілде аралығында өткен.

Мұнда айырқалпақтылар елінде ұйымдастырылған «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық фестиваль-байқауына облыстық М.Катаев атындағы оқушылар сарайының «Жас дәурен» вокал студиясы  қатысты.

- Фестиваль-байқаудың басты мақсаты - өнер арқылы қатысушылардың рухани, зияткерлік және мәдени әлеуетін ашу, әр түрлі қалалардың қатысушылары арасында жан-жақты шығармашылық, мәдени және достық байланыстарды нығайту болып табылады, - делінген хабарламада.

Қатысушылар вокалдық, аспаптық, хореографиялық өнер, актерлік шеберлік, сондай-ақ көркем сөз аталымдары бойынша бақ сынады.

Аталмыш додада оқушылар сарайының тәрбиеленушілері ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, «Жас дәурен» вокал студиясының "NurlyStars" тобы өз аталымында бас жүлдеге және 1 орынға ие болса, "Керемет voices" тобы, "Нұр – Ерке" триосы және Абылқияс Ясмин 1 орынды еншіледі. Ал, Ермұратова Дайана 2 орынды қанжығалады.

Барлық қатысушылар «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» комитетінің медальдарымен, дипломдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.