Павлодар облысының оқушылары Абайдың «Қара сөздерін» заманауи форматта жаңғыртты
2025-2026 оқу жылында Павлодар облысында «Ұрпақ үні» облыстық жобасы жүзеге асырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Абайдың қара сөздері. Классика – заманауи форматта» атты бірегей шығармашылық жоба Павлодар облыстық Оқушылар сарайы мен облыстық білім беру басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылды.
Жобаның басты мақсаты – Абай даналығының қазіргі қоғамдағы көрінісін көрсету. Бұл міндетті жасөспірімдер жоғары деңгейде орындап шықты.
«Abai Generation» байқауы аясында қатысушылар жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, Абайдың философиялық ойларын ұзақтығы 1,5 минутқа дейінгі бейнероликтерге айналдырды.
Павлодар облысынан барлығы 145 жұмыс ұсынылып, олардың әрқайсысы креативтілікпен, батыл ойлауымен және өз буынының тілінде сөйлеуге деген шынайы ұмтылысымен ерекшеленді.
Жобаға Павлодар қаласы, Павлодар ауданы, Екібастұз және Ертіс ауданынан жоғары сынып оқушылары белсенді қатысты. Олар Абайдың қара сөздерін рэп, поп-музыка жанрында және жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнероликтер арқылы ұсынды.
Бірінші орынды Баянауыл ауданы Ш.Айманов атындағы мектептің оқушысы Мадина Сапарғали иеленді.
– Ол өз жұмысында ұлы ойшыл Абайдың жетінші қара сөзін заманауи технология – жасанды интеллект арқылы жаңа қырынан танытып, рэп форматында ұсынды. Дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген бұл туынды көрермендерге ерекше әсер қалдырды, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Жоба классикалық мұраның заманауи өмірде жаңа тыныс ала алатынын және Абай сөздерінің бүгінгі ұрпақ үшін де өзектілігін айқын көрсетті.