Биыл Павлодарда екі балабақша ашылады

Биыл Павлодарда екі балабақша ашылады
Фото: Константин Шелков

Бұл мекемелерде 100-ден астам балаға орын пайда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы А. Байтұрсынұлы атындағы мектепте өткен «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында білім беру мекемелері басшыларының қорытынды тамыз кеңесі барысында Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин мәлім етті. 

– Екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 89 пайызды құрайды. Үш жастан алты жасқа дейін 100 пайызға, бір жастан үш жасқа дейінгі балаларды қамту 42 пайызға дейін жеткізілді. Биылғы жылдың жоспарында 125 орындық екі мектепке дейінгі мекемені ашу көзделіп отыр, – дейді Қуаныш Қыдыралин. 

Сондай-ақ бөлім басшысы қала мектептерінің оқушылары байқаулар мен жарыстарда төбе көрсетіп жүргенін атап өтті. 

– Біздің оқушыларымыз барлық деңгейдегі олимпиадаларда, оның ішінде жаратылыстану-математикалық цикл, физика, биология, география пәндері бойынша жақсы нәтиже көрсетуде. Сондай-ақ, лайықты бәсекелестік көрсете алатын пәндер тізбесі артып келеді, – дейді Қуаныш Қыдыралин. 

Шара барысында мектеп инфрақұрылымын жетілдіру сынды және басқа да өзге мәселелерді сауатты шеше білген мектеп мекемелерінің басшылары аталып өтті. 

– Биылғы жылы жаңа оқу жылының басталуына дайындық барысында қаржыландыру сомасы 1,3 миллиард теңгеден асты. Басшылардың сауатты, құзыретті пайдалану тәсілі – өз мекемесінің инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері ғана емес, көптеген өзекті мәселелерді шешудің кілті болып табылады. Шапық Шөкин, Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, 11, 17, 18, 26, 39, 41 мектеп басшыларының осы бағыттағы тәжірибесін атап өте аламыз, – дейді Қуаныш Қыдыралин. 

Айта кету керек, қосымша білім беру мекемелері желісінде 17 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтитын 8 ұйым мен 17 аула клубы бар. 

Еске сала кетейік, бұл жиында Павлодар қаласының білім беру мекемелері басшылырының арасында өткен байқаулардың жеңімпаздары мен түрлі аталымдар бойынша марапаттау рәсімі өтті.