Павлодарлық оқушылар таэквондодан ел чемпионатында алтын медаль алды
Таэквондодан ел чемпионаты Алматыда өткен, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, павлодарлық 30 спортшы қарсыластарынан озып, 15 алтын, 14 күміс және 15 қола медаль жеңіп алды. Олардың қатарында Павлодар қаласының № 25 ЖОМ 7-сынып оқушылары Арай Никимова мен Данель Арманова алтын медаль иегерлері атанды. Олар «Хьен», «Массоги» бағдарламалары бойынша 12-13 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 50 кг және 42 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
- Мен таэквондоға сегіз жасымда келдім. Жарыстарға бес жыл қатысып келемін. Әртүрлі жетістіктерге жеттім. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионымын. Менің арманым - әлем чемпионатына қатысу және бірінші орын алу, - дейді Арай Никимова.
Данель Арманова көптеген турнирлерге қатысып, Семейде, Қызылордада 12 - 13 жас санатында массоги мен командалық массогиде бірінші орын алған.
Оларға таеквондодан «Қазақстан Республикасының спорт шеберінің кандидаты» разряды берілді. Қазіргі уақытта павлодарлық спортшылар Ақтау қаласында өтетін жарыстарға дайындықты бастады, оның қорытындысы бойынша Дубайда өтетін турнирлерге дайындықты жоспарлап отыр.