Павлодар облысы автомобиль өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесі енгізіледі
«CarGoRuqsat» пилоттық жобасы кезекті алдын ала брондауға және құжаттарды тексеру процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасының мәліметінше, Мемлекеттік кірістер комитеті автомобиль өткізу пункттерінде «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
– Қазақстан аумағынан автомобиль өткізу пункттері арқылы шығуды жоспарлап отырған тасымалдаушылар осы қосымша арқылы электрондық кезектен орын брондауға тиіс. Ол үшін келесі сілтеме бойынша өту керек https: //cgr.qoldau.kz/ru/start, «CarGoRuqsat» қосымшасына тіркелу және кіру, өткізу пунктін таңдау, шекарадан өту күні мен уақытын көрсету, жүргізуші мен автокөлік туралы деректерді толтыру, – деп жазылған хабарламада.
Өтінім мақұлданғаннан кейін шекарадан өту үшін өткізу пунктіне уақтылы келу керек. «CarGoRuqsat» жүйесі шекарадан өтудің жеделдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді, жүк автомашиналарының жиналуына жол бермеуге ықпал етеді, мемлекеттік кіріс органдарына тәуекелдерді басқару жүйесін автоматты режимде қолдануға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда электрондық кезекті брондау жүйесі Қазақстанның Қытай, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекарасында сәтті іске асырылды. «CarGoRuqsat» пилоттық жобасы келесі автомобиль өткізу пунктерінде (АӨП) енгізіледі: 2024 жылдың 15 қаңтарынан бастап «Қарашатау» (Ақтөбе облысы) және «Жезкент» (Абай облысы), 31 қаңтардан бастап «Убе», (Шығыс Қазақстан облысы) және «Ақсай» (Батыс Қазақстан облысы), 15 ақпаннан бастап «Уабаған» (Қостанай облысы) және «Найза» (Павлодар облысы) автомобиль өткізу пунктерінде және 30 сәуірден бастап «Құрманғазы» автомобиль өткізу пунктінде. (Атырау облысы)