Павлодар облысы елді мекендерінде еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда
Бір күнде барлығы 21 мың текше метрден астам су сорылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД күштері мен жергілікті атқарушы органдары бірлесіп, елді мекендер аумағында еріген қар суын сору жұмыстарын жалғастыруда.
– 25 наурызда әртүрлі 40 техника, 85 адам жұмылдырылды. Көбінесе Павлодар, Ақсу қалалары мен Павлодар ауданы аумағында еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілді, – деп жазылған департаменттің хабарламасында.
Үйлер мен нысандар зардап шеккені туралы хабарлама түспеген.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 21 наурызда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан «Ленин-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар-Курчатов» автожолының 213 шақырымында екі жерден еріген қар суының тасуы тіркелді. Су тасқынының жалпы ұзындығы 10 метрді, биіктігі 0,5 см құрады.
Аталған учаскеде «Павлодар жолдары» ЖШС мамандарының тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды, бес адам және екі техника жұмылдырылды.