Сорбұлақ көлінде көз жұмған Шарбақты ауданының тумасы жерленді

Шарбақты ауданы Шалдай ауылынан шыққан жерлес – Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс-Баян жұртшылығы атынан жары Раушанға, балалары Ахмад пен Айлинге, ата-анасы Сәниолла Ержігітұлы мен Айман Задашқызына қайғырып көңіл айтады.
– Сорбұлақ көлі үстінде әскери тікұшақ кенеттен байланыссыз қалған сәтте, бәріміздің жүрегіміз бір үміт, бір күдікпен соқты. «Аман болар… оралар…» деген тілекпен алаңдап, дұғада болдық. Алайда тағдырдың жазуы басқа екен. Бахтияр – ата-анасының көз қуанышы, отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді. Сіздердің қайғыларыңыз – баршамыздың ортақ қайғымыз. Бахтияр есімізде мәңгі, жүректерге өшпестей із қалдырған қаһарман батыр. Жаны жәннәтта, нұры пейіште шалқысын, –деп жазды жеке парақшасына аймақ басшысы.
Марқұм Ақтөбедегі әскери училищені, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдап, Семейде, кейін Жетігенде қызмет етті. Борт инженері қызметінен майор шеніне дейін көтерілді. Жасы небәрі 32-де еді. Бірақ сол қысқа ғұмырдың өзі – ерлікке, елге адалдыққа толы болды.
Еске сала кетейік, бортта үш әскери қызметкері болған EC-145 әскери тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалды. Келесі күні Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінен тікұшақ бөлшектері табылды. Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары жұмыс істеді. Арнайы жабдықтар пайдаланылды: эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дрондары. EC-145 тікұшағы құлаған аймақта іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасып жатыр. Жуырда екінші адамның мәйіті судан шығарылды.