Павлодар облысына 140-қа жуық дәрігер келеді
Медициналық кадр жетіспеушілігі 84 пайызға төмендеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев мәлім етті.
– Аймақта 166 дәрігер тапшы. Оның ішінде 131 «тар шеңберлі маман», 33 жалпы практика дәрігері, екі дәрігер «қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша жетіспейді. Биыл өңірімізге 139 дәрігер келеді деп күтілуде. Осы мамандардың келуімен бізде тапшылық азаяды. Келген мамандар үшін әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі, – деді Әнуар Бұйрашев.
Бұдан бөлек, басқарма басшысы кадрлар тапшылығын азайту үшін жергілікті бюджет қаражатынан резидентурада «тар шеңберлі мамандықтар» бойынша оқуға гранттар берілетінін атап өтті.
– Биыл резидентура бағдарламасы бойынша оқыту үшін жергілікті бюджет қаражатынан 50 грант беріледі. Резидентураға бөлінетін гранттар облыстың медициналық ұйымдарына қажетті мамандары бойынша қарастырылады. Көбінесе, акушер-гинеколог, реаниматолог, кардиолог мамандықтарына назар аударылды, – деді спикер.
Айта кетерлігі, 2018 жылдан бастап облыс әкімінің гранты бойынша 2023 жылы түскен резиденттерді қоса есептегенде білім алушылар саны 324 адамды құрайды.